



Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!
Отырғанын қарашы күйім келмей,
Қайда кеттің?
О, Муза! Құйын желдей.
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді,
Қаңыраған иесіз диірмендей.
Мұздатады жанымды бұйым көрмей.
Жел үреді желпініп, көрік-кеудем,
Күйім келмей отырмын неліктен мен?!
О, Муза!
Қайдасың сен желік берген?
Жалын мен отқа ғана ерік берген
Серігім, қайдасың сен сеніп келген?
Дәптер жатыр парағы аударылмай,
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,
Тонна-тонна қорғасын салмағындай.
О, Муза!
Әуреге салғаның-ай!
Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер
Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң...
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
..Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!

